Ұшырсам сені көгіме!

Ескі сурет

Posted on: Ақпан 18, 2024

Мына ескі суретті бір-екі күн бұрын анамның Алматыда тұратын сіңлісі Айжан апай WhatsApp арқылы Saltanatқа жіберіпті. Бұрын-соңды ешкім көрмеген фото екен. Шамамен 1950 жылдардың ортасында түсірілсе керек. Кимешек киген апа – Нүрзия әже. Нағашы атам Әбілбектің жеңгесі. Көкжыра ауылының бас жағында, нағашы атамның үйімен көрші тұрды. Бала-шағаның бәрі ол үйді «апамның үйі» дейтін. Ортадағы шашы өрілген қыз – анам Зәкия. Ал анау кепка киген баланың тұрысын айтсаңызшы. Бірден таныдым. Анамның немере бауыры – Найманғазы Сақпанбаев.
«Найманмен бір үйде өсіп едік» – деп анам бауырын аузынан тастамай айтып отырады. Найманғазы ағаны Ақсуат жұртына таныстырудың өзі артық. Бала кезімізде Көкжыра ауылына жиі барып тұратынбыз. Дәу нағашым қолынан баянын тастамай, той-томалақта ән шырқайтын. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында қызмет атқарды. Бүкіл ғұмырын өнерге арнады десе де болады.
Бірде қыс кезінде (әлде көктем айы) Биғаштағы үйімізге автобус келіп тоқтай қалды. Автобустың сыртында «Көктем ансамблі» деген жазу бар, іші лық толы адам. Сөйтсек, Найман аға концерт қоятын әншілерін бастап келген екен. Біздің ауылдың клубы кішкентай еді, «оқушылар сыймайды» деген нұсқау келді мектептен. Дәу нағашым: «Қорықпа, менімен жүр, ең алдыда отырасың» десе де, концертке бармай, үйде қалдым. Арада біраз жыл өткенде, Найман аға сіңлім Бақытжанның ұзату тойына келді. Сол тойда «Айқаракөз» әнін өзі ала келген баянмен төгілтіп бір шырқап еді. 2012 жылы жаз шыға елордаға көшеміз деп қамданып, шілде айында әкем Қуанышбектің жылдық асын уақытынан ертерек бердік. Сол жылы Биғаштағы таудың бөктері ерекше жап-жасыл болып тұрды. Жездесінің асына келген Дәу нағашым қырға ұзақ қарап тұрып: «Мынадай табиғаты көркем мекеннен адам көше ме?» – деп анама қарады. Қазір ойласам, алысқа қоныс аударып бара жатқан апайын іштей қимаған екен ғой. Анам Зәкияға деген құрметі ерекше еді. Кейін жиі-жиі телефон соғып тұрды. «Зага, қалың жақсы ма?» деген дауысы қасында отырған бізге естіліп тұратын. Соңғы жылдары аға денсаулығына байланысты дәрігерге жиі қаралып жүрді. Бірде Астанаға ауруханаға келіпті дегенін ести сала, анам екеуіміз іздеп бардық. Бізді көріп, ерекше қуанды. Қасында Бақытгүл жеңгеміз бар екен. Апайы екеуі біраз әңгімелесті. Анам төркіні Көкжыраға барса, Ақсуаттағы Найманғазы ағаның үйіне соқпай қайтпайтын. 2023 жылдың күзінде Дәу нағашым өмірден өтті деген хабар келді. Анам Зәкия мен бауырым Берікжан асығыс жолға жиналды. Одан бері 5 ай өтіпті. Мынау көне фотоны көріп, біраз нәрсе еске түсіп отырғаны да содан ғой.

Суретті қашан және кім түсіргенін анам есіне түсіре алмады. Ортада тұрған қыз (анам) кейін білім саласының үздігі, кепкадағы бала (дәу нағашым) мәдениет қайраткері атанатынын ол кезде, әрине, ешкім білген жоқ.

**Суреттегі тағы бір әйел мен екі баланы мен танымаймын. Үлкендердің айтуы бойынша, Нүрзия әженің туыстары екен. Сурет сол кісілерден бізге жетті.

Пікір қалдыру

Көз жүгіртіңіз:

2010

Ақпан (2024)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
26272829  

Blog Stats

  • 256  974 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары