Ұшырсам сені көгіме!

Мына ескі суретті бір-екі күн бұрын анамның Алматыда тұратын сіңлісі Айжан апай WhatsApp арқылы Saltanatқа жіберіпті. Бұрын-соңды ешкім көрмеген фото екен. Шамамен 1950 жылдардың ортасында түсірілсе керек. Кимешек киген апа – Нүрзия әже. Нағашы атам Әбілбектің жеңгесі. Көкжыра ауылының бас жағында, нағашы атамның үйімен көрші тұрды. Бала-шағаның бәрі ол үйді «апамның үйі» дейтін. Ортадағы шашы өрілген қыз – анам Зәкия. Ал анау кепка киген баланың тұрысын айтсаңызшы. Бірден таныдым. Анамның немере бауыры – Найманғазы Сақпанбаев.
«Найманмен бір үйде өсіп едік» – деп анам бауырын аузынан тастамай айтып отырады. Найманғазы ағаны Ақсуат жұртына таныстырудың өзі артық. Бала кезімізде Көкжыра ауылына жиі барып тұратынбыз. Дәу нағашым қолынан баянын тастамай, той-томалақта ән шырқайтын. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында қызмет атқарды. Бүкіл ғұмырын өнерге арнады десе де болады.
Бірде қыс кезінде (әлде көктем айы) Биғаштағы үйімізге автобус келіп тоқтай қалды. Автобустың сыртында «Көктем ансамблі» деген жазу бар, іші лық толы адам. Сөйтсек, Найман аға концерт қоятын әншілерін бастап келген екен. Біздің ауылдың клубы кішкентай еді, «оқушылар сыймайды» деген нұсқау келді мектептен. Дәу нағашым: «Қорықпа, менімен жүр, ең алдыда отырасың» десе де, концертке бармай, үйде қалдым. Арада біраз жыл өткенде, Найман аға сіңлім Бақытжанның ұзату тойына келді. Сол тойда «Айқаракөз» әнін өзі ала келген баянмен төгілтіп бір шырқап еді. 2012 жылы жаз шыға елордаға көшеміз деп қамданып, шілде айында әкем Қуанышбектің жылдық асын уақытынан ертерек бердік. Сол жылы Биғаштағы таудың бөктері ерекше жап-жасыл болып тұрды. Жездесінің асына келген Дәу нағашым қырға ұзақ қарап тұрып: «Мынадай табиғаты көркем мекеннен адам көше ме?» – деп анама қарады. Қазір ойласам, алысқа қоныс аударып бара жатқан апайын іштей қимаған екен ғой. Анам Зәкияға деген құрметі ерекше еді. Кейін жиі-жиі телефон соғып тұрды. «Зага, қалың жақсы ма?» деген дауысы қасында отырған бізге естіліп тұратын. Соңғы жылдары аға денсаулығына байланысты дәрігерге жиі қаралып жүрді. Бірде Астанаға ауруханаға келіпті дегенін ести сала, анам екеуіміз іздеп бардық. Бізді көріп, ерекше қуанды. Қасында Бақытгүл жеңгеміз бар екен. Апайы екеуі біраз әңгімелесті. Анам төркіні Көкжыраға барса, Ақсуаттағы Найманғазы ағаның үйіне соқпай қайтпайтын. 2023 жылдың күзінде Дәу нағашым өмірден өтті деген хабар келді. Анам Зәкия мен бауырым Берікжан асығыс жолға жиналды. Одан бері 5 ай өтіпті. Мынау көне фотоны көріп, біраз нәрсе еске түсіп отырғаны да содан ғой.

Суретті қашан және кім түсіргенін анам есіне түсіре алмады. Ортада тұрған қыз (анам) кейін білім саласының үздігі, кепкадағы бала (дәу нағашым) мәдениет қайраткері атанатынын ол кезде, әрине, ешкім білген жоқ.

**Суреттегі тағы бір әйел мен екі баланы мен танымаймын. Үлкендердің айтуы бойынша, Нүрзия әженің туыстары екен. Сурет сол кісілерден бізге жетті.

Мына екі сурет 1992 жылғы ақпан айында түсірілген екен. Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Биғаш ауылындағы В.Маяковский атындағы орта мектебінің акт залы. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін сол жылғы аудандық көркемөнерпаздар байқауы бірінші рет ұлттық салт-дәстүрді ұлықтайтын «Сиқырлы қазан» форматында өтті. Бұған дейін мектептегі тізілімнен бастап, қалған іс-шараның 80%-і орыс тілінде өтетін (аралас мектеп болды). Мектепте қызу дайындық басталып кетті. Кімнің үйінде салт-дәстүр туралы кітап бар, бәрін алдыртты. Тәрбие ісінің меңгерушісі Нәзигүл Қонақбайқызы бастаған мектеп ұжымы күш салды. Оқушылар да ұйымшылдық танытты. Қазақ тілі мұғалімдері сабақтан кейін оқушыларды дайындайды. Салт-дәстүр бойынша келеді-ау деген сұрақтардың бәрін қамтыдық. Көрініс бар. Ол заманда ұлттық киім деген табылмайды. Қолынан іс келетін әйелдер баласына тігіп берді. Жан-жақтан сұратты. Анам маған қазақ көйлегін Ақсуаттағы төркінінен алдыртып берді. Көркемөнерпаздар байқауы Шынболат Ділдебаевтың «Шындық» толғауымен ашылды (толғауды Болат Аманшалов жатқа айтып шыққан. Болаттың ата-анасы ұлына бөрігімен оюлы киім тігіп беріп еді). Сол кездегі қарбалас күндер әлі есімде. Аудандағы 20 шақты мектептің ішінен 2-орын алдық. Халықтың ерекше құлшынысы байқалды. Ұлттық салт-дәстүр жанданды. Біз Тәуелсіздікті осылай қарсы алып едік!

1-суретте: Домбыра ұстаған мен, ортада Гульсара Копесова, Ержан Жайсанбаев (Бастаңғы жасаудан көрініс).

2-суретте: Мұғалімдер мен «Сиқырлы қазанға» қатысқан оқушылар.

*Бұл үйде менің балалық шағым өткен. Көшерде сатып кеткенбіз (сурет биыл тамыз айында түсірілді).

*Осы үйдің ауласында ойнап жүріп, әкем мен анамның жұмыстан қайтқанын тосатынбыз. Әкемді басындағы картозынан танитынбыз, алдынан бірінші болып жүгіріп шығуға асығатын едік. Анам алыстан көрінсе, дереу шәугімді отқа қоятынбыз (шайды ыстықтай ішкенді жақсы көреді).

*Аулада әкемнің гаражы бар, жазда есігі көбінесе ашық тұратын. Әкем үңіліп, көк машинасын шұқылап жататын. Арасында ауыл адамдары кілт жасатуға немесе бұзылған көлігін көрсетуге келетін. «Нағашы, не істеп жатырсың?» деп көрші Тлек аға бір келіп кететін.

*Гаражға жапсарлас салынған моншамыз болған. Кейде көршілер сұрап жағатын. Ол заманда бәрі тегін ғой. Елден ақша алып көрмегенбіз.

*Анау бақшада апайым Салтанат екеуіміз гүл өсіретінбіз. Гүлдің сирек түрлерінің ұрығын апайым пошта арқылы алдыратын.

*Бақшаның ішіндегі құдықты әкем қаздырған. Маңайдағы үйлерде су жоқ еді. Өзімізден басқа біздің құдықтан тағы 5-6 үй су алатын. Қыста кейде суын ағызуды ұмытып, қатырып алатынбыз. Көрші Жәксикөнмен (Көпесова Жақсылық) төбелесіп қалсақ, «ендеше су бермеймін» деп бұлданған кездерім де болған. 🙂

*Біздің үйге тоқтап, ары-бері өткен жолаушылар су алатын. Әкемнің Кіндіктіде тұратын жора-жолдастары міндетті түрде шай ішетін.

* Үйдің артындағы мал қораны 1989 жылы қызыл кірпіштен соққанбыз. Мен көшедегі ойынды қимасам да, әкемнің қасында жүрдім. «Қора салынып біткенде Алматыға апарамын» деп әкем уәде берген. Қыркүйек айында сабақ басталып қойса да, Алматыға барып келдік (ол бөлек әңгіме).

*Жазғы ас үй 1991 жылы салынды. Әкем қабырғасын қалайтын, мен жерден кірпіш әперетінмін. Сол жылы шығарылған кірпіш сапасыз еді, жартысы үгітіліп қалатын.

*Жазда ауладағы ескі аласа үстелде табақ-табақ құрт жасайтынбыз. Оны гараждың төбесіне кептіреміз.

*Картоп сақтайтын жерқойманы көрші дядя Витя тракторымен қазып берген. Жазда кепсін деп аузын ашып қоятынбыз.

*Ауладағы қазандықта анам бауырсақ пісіретін, құрт қайнататын. Нан пешті де әкем өз қолымен қалаған. Пеш демекші, біздің үй жыл сайын пеш бұзатын. Әкеме сондай шұқыма жұмыстар ұнайтын.

*Терезенің түбіндегі теледидар антеннасын әкем өзі жасаған. Іште біреуіміз тұрамыз, әкем антеннаны олай-бұлай айналдырып, терезеден: «Дұрысталды ма?» – деп сұрайтын.

*Айта берсе, сөз таусылмайды. Бәрі де ыстық. Бұл үйде алғаш рет ғашықтық сезімін бастан өткердім. Осы мекенге әр келген сайын бір сәт сол сезімге қайта оралғандай күй кешемін. Өмір ғой.

Бастауышта оқитын кезім болса керек. Бірде босағада қолын жуып тұрған әкемнің қасына барып: «Әке, Күләш апай біздің жақынымыз ба?» – деп сұрадым. Әкем маған бұрылып: «Күләш апай менің апайым ғой» – деді. «Апайым ғой» деген сөзді деген сөзді нықтап айтты.

Бектұрова Күләш апай атам Қабдолданың ағасы Тұрғанбайдан туады (Тұрғанбай атаның өз қолымен жасаған кішкене көк орындығы үйде әлі бар). Апай туысшыл кісі еді. Әкем Қуанышбек пен Төкен (Қуанов) ағамызды бауырларым деп ерекше жақсы көретін. Үлкен үйдегі Ғалия жеңешем мен анам Зәкияның да Күләш апайға деген ықыласы бөлек еді. Жездеміз Бейсенді де біздің әулет қатты сыйлайтын. Күләш апай мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, шәкірт тәрбиеледі. Отбасының ұйытқысы да бола білді. Бейсен аға екеуі 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ол кезде бәріміз Биғашта тұрамыз. Ауылда туған-туыс жиі бас қосатын. Қыста соғым басын береді. Көктемде біреудің баласы мектеп бітіреді. Жазда тағы бір-екі үйде қыз ұзатылып, келін түсіп жатады. Сондай жиын-тойдың бәрінде Дәу апамыз төрде отыратын. Қайыржановтар әулетіндегі тойлар да күні кешегідей есімде. Әкем көк машинасымен келін әкелуге кетеді. Біз келін келгенін тосып, сол үйдің ауласында ойнап жүретінбіз. Бірде қыс ішінде ұлы Айдар көршінің ат шанасымен үйге лақ әкеп тұр. Әкемдер аң-таң. «Білмеймін, осы үйге апар деп айтты» – деп аулаға тастап кетті. Сөйтсе, Бейсен аға кішкентай бауырым Бекаға беріп жіберген екен.  Апай денелі кісі еді ғой. Біздің ішкі ас үйдегі есіктің ені тар болатын. «Мен сияқты дәу апайы барын білмеген-ау, шамасы» деп күліп өтетін босағасынан. Айдар мен Айман (егіз) апайым Салтанатпен, кенже ұлы Бауыржан менімен бір сыныпта оқыды. Айман мен Салтанат «қабырға газетін шығарамыз, торт пісіреміз, туған күн жасаймыз» деп қырық сылтау айтып, екі үйдің ортасында жүретін. Қазір артта қалған сол бір жылдарды сағынышпен еске аламыз. Кейін зейнетке шыққан соң, апа-жездемізді балалары Семейге көшіріп әкетті. «Басқаны білмеймін, өзім бауырымның үйіне барамын», – деп ауылға келсе біздікіне түсетін. Біз астана жаққа көшіп кеткеннен кейін де 2015 жылы үйдегі келін босанғанда арнайы келіп еді.  Жасы 80-ге келсе де жүрісі ширақ, қала ішінде автобуспен өзі жүре беретін. Өмірден өтерінен бір ай бұрын ғана Биғашқа барып келген еді.  Туған ауылына барған соңғы сапары екен. Бүгін дәу апамыздың өмірден өткеніне 10 күн болды. Қатерлі індет ортамыздан алып кете барды. Соңғы рет апайды жаңа жылда қоңырау шалып, құттықтаған едім. Осы жолы ауырып жатқанын естіп, Бәукеге жиі-жиі хабарласып тұрдым. «Тәуір болды» дегенде қуанып қалған едік. Талай қиындықты еңсерген апай бұл кеселді жеңе алмады.  Бүгін Салтанат ортақ чатымызға сөйлеп отырған видеосын салыпты. Семейге соңғы сапарға шығарып салуға бара алмаған едім. Көзге жас келді. Көрген жерде «Төркінім келді» деп еркелей амандасатын дәу апамыз енді ортамызда жоқ.  Жатқан жері жайлы болсын.

Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?(Ж.Аймауытұлы, «Қартқожа»)

Кеше жұмыстан жай келіп, түнгі екіге қарай көзім әрең ілінген. Таңертең сағат тоғызда уатсапқа келген хабарламадан ояндым. Өзіміздің ортақ чатымызға Алматыда тұратын апайым Saltanat «Биғаштың дәмі» деп фото салыпты. Көзімді әрең ашып қарасам, целлофан дорбада біраз құрт пен екі тоқаш салынған фото екен. Кеше ғана тыныш еді, таң атпай үйіне кім келуі мүмкін деп ойлап қоямын. Өзі жұмысында отыр. Сөйтсем, Салтанаттың бірге істейтін әріптесі Гүлнәр кеше туысының үйіне қонаққа барады ғой. Барған үйіне Көкпектіден жақын бауыры Ринат қыдырып келіп жатыр екен. Бауырының келіншегі Мадина – біздің ауылдың қызы. Ауылдан келген елдің сәлем-сауқыт көтере келетіні белгілі ғой. Жиналғандар алыс жердің дәмі деп, тоқаш, бауырсақ, құрт және қолдан пісірілген тәттілерді көріп, таласа-тармаса лап қояды. Сол кезде жаңағы Гүлнәр апайдың есіне біздің Салтанат түсіп: «Жұмыста жерлес апайларың бар, ауылын аңсап жүр еді, қуанып қалсыншы» – деп құрт пен тоқаштан салып алады. Бір таң қаларлығы, апайым дәл бүгін түсінде Биғаштағы үйімізді көріпті. Содан жұмысқа келсе, әріптесі жаңағы сарқытты ұстата қояды ғой. Апайым қуанғанынан дереу шай қойып, тоқаштың біреуін жеп алыпты. Әрине, уатсапқа фото салуды да ұмытпайды. Мына жақта қызығып біз отырдық. Мадинаның мамасы Шәйгүл апайдың тоқашы үлпілдеп тұрады. Ауылда қонақ шақырған ел апайға арнайы тапсырыс беріп жататын. Биғаштың құрты мен ірімшігінің дәмі бөлек қой, шіркін… Қысқасы, ауылды мен де сағынып отырмын.

Бала кезімізде көршілермен жақсы араластық. Біздің үйден шыға бере оң жақта марқұм Көпесов Қонысбай ағаның шаңырағы тұрды. Ауыл үй болғаннан кейін көршілер арасында алыс-беріс болады ғой. Анама айтатын бір шаруасы болса, сол үйдегі Зада тәте әкемнің кеңседен түстікке келетін уақытына дейін немесе түстеніп қайта жұмысқа кеткенінде, әйтеуір, үйде жоқ кезінде келуге тырысатын. Әсіресе, жазды күні қақпадан сөйлей кіріп: «Әлгі ұл жоқта келгенім ғой» – деп шаруасын айта бастайтын (бұрынғы жазбамнан алынды). Бүгін тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Биғаштағы үйіміздегі кілетте ескі аласа үстел сүйеулі тұратын. Қыста соғым сойғанда әкемдер ет шабуға пайдаланатын, жазда құрт жаятынбыз. Бірде аулада сол ескі үстелді жағалай саз балшықтан мүсін жасап ойнап отырғанбыз, қасымда үйдің ұсақтары бар. Ойынның қызығына түсіп, үстелдің үстіне шығып алыппын. Анадай жерде өтіп бара жатқан көрші Зада тәте сәл кідіріп: «Айналайын, дастарқанды баспаңдар. Жерге түсіп ойнаңдар»,- деп ескерту жасады. Дереу секіріп түстім. Тәтенің сол күнгі дауысы әлі күнге дейін құлағымда тұр. Анам Зәкия да бала тәрбиесіне қатты мән беретін. Ұлттық тәлім-тәрбиені бойымызға сіңірді. «Дастарқанды баспа, аттама» деген сияқты тыйым сөздерді естіп өстік. Кешке үстелді жинап, бетін жауып жүреміз. Дəмнің үстіне келіп қалған адамның дастарқаннан ауыз тимей шықпайтынын да көріп өстік. Кейде жұмыста әріптес ұл-қыздардың дәл жанында орындық тұрса да, үстелге шығып алып отыратыны бар. Көре қалсам, түсіндіруге тырысамын. Бір ғана сөзімен, іс-қимылымен көпке үлгі бола білген ардақты Аналарымызға мереке сайын жазба арнап отыру артық етпес. Күн райына байланысты анамды құттықтауға Софиевкаға бара алмай отырмын. Келе жатқан мереке құтты болсын. Аналарымыз аман болсын! 😍🤩💐💐💐

23. 12. 2020

ШҚО Көкпекті ауданына қарасты Биғаш ауылында бала күнімізде маңайда санаулы үйде ғана телефон болатын. Біздің үйдің телефон нөмірі «3-26» еді. Көршілерге алыстан бала-шағасы звондаса, шақырып беретінбіз. Кейбір үйдің итінен кіре алмай, қайтып келетінбіз. Сол күндер әлі есімде. Кейіннен халық саны азайып қалды да, тұрғындардың басым көпшілігі үйіне телефон қойғызып алды. Дегенмен ауыл халқы үшін қаладағы баласы немесе ағайын-туысымен хабарласу үшін ұялы телефон қолайлы ғой. Шалғайда орналасқан Биғаш елді мекенінде бүгінге дейін ұялы байланыс жоқ еді (интернет әкімдік ғимараты мен мектепте ғана бар). Ауылымызға байланыс қашан жетеді деп алаңдаулы жүретін едік. Кешелі бері WhatsApp арқылы ұялы байланыс орнатылғаны туралы суреттер келіп жатыр. Алыста жүрсек те, ауылдан жеткен әрбір жақсы жаңалыққа қуанып отырамыз. Бүгінде барлық жерде оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан білім алып жатқаны белгілі. Бұл дегеніміз, интернеттің әрбір үйге қажет екенін көрсетіп отыр. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Биғаш елді мекенінде қазір 400-ден астам адам тұрады, орта мектебінде 50-ге жуық оқушы бар. Бүгін кешке ауылға хабарластым, WhatsApp желісіне телефондағы мобильді деректер арқылы шығып отыр екен. «Әзір жылдамдығы баяу», – дейді тұрғындар. Алдағы уақытта барлығы жақсарады деп сенеміз. Енді Биғашқа ұялы телефон арқылы хабарласа аласыз (activ, tele2, altel). #ЦИФРЛЫҚҚАЗАҚСТАНдегеносы#ауылым# 23.12.2020

Семейдегі университеттің деканатында жұмыс істеп жүрген кезім ғой. Шамамен 1999 жылдың қысы болса керек. Ауылдан нағашымның кішкентай қызы қыдырып келген болатын. Жұмыстан кейін әріптесім Шолпан екеуіміз кішкентай қонақты қыдыртып қайтайық деп, қаланың орталығына бардық. Қас қарайып кеткен. Орталықта арлы-берлі жүргеннен кейін, үшеуіміз бірге суретке түстік. Суреттің сырт жағында келер жылдың күнтізбесі басылған. Ертесі әлгі фотоны әкеліп, жұмыс үстелімдегі әйнектің астына қойып қойдым. Деканатта телефонға дамыл жоқ, арасында студенттер кіріп-шығып жатады. Қағаздан бас алмай отырамыз. Бір мезгілде қарама-қарсы кабинетте орналасқан «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Қинаят аға (марқұм) кіріп, телефонмен сөйлесті де, әйнектің астындағы кешегі суретке көзі түсіп: «Әдемі шығыпты. Мәскеуде түскенсіңдер ме?»,- деп жымия қарап, шығып кетті. Өзім де күліп жібердім. Расымен де ол жылдары орталықтағы «Эльдорадоның» алды халық көп жиналатын орын еді. Мәскеудегі Қызыл алаңда тұрғандай суретке түсетінбіз 🙂. Басқа баратын жер жоқ-ау шамасы. Мұны неге айтып отырмын? Семейге бармағалы 4 жылға жуық уақыт болды. Елдің бәрі осы күні Қарағайлы шағын ауданындағы субұрқақтың жанында түскен суреттерін WhatsApp статусына салып отырады. Аталған ауданда көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтеріп, қаншама отбасы баспаналы болып жатыр екен. Әуежай, театр, музей сияқты бірқатар нысан жөндеуден өтіпті. Кеше телеарналардың бәрі Семейді беріп жатты. Қаламыз көркейе берсін!#ТуғанқаламСемейім

Софиевкадағы әженің әңгімесінен кейін үйдегі көне заттарды түгендеп кеттім-ау деймін. Анам Зәкия енесінің заттарын да сақтаған. Марқұм апам Ғайнидің жеке тігін машинасы бар. Арқаға көшерде «енемнің көзі» деп анам тастамай ала келген болатын, қазір үйде келінім пайдаланып жүр. Бала күнімізде апамның сандығының түбінде жаңа күйінде екі шыны шәйнек ораулы тұратын. Атамдар Биғаш ауылдық округіне қарасты Егінбұлақ кентінде тұрғанда шамамен 1960 жылдары сатып алынған. «Қызы бар үй жасау дайындығын қыздың кішкене кезінен бастайды» дегендей, екі шәйнек те сол күйі сандықтан шыққан жоқ. Кейін апайым Салтанат ұзатылғанда біреуі жасауына қосылды, маған тиесілісін баспаналы болғанда өзім алдым. Мендегі шәйнектің астында «Bohemia» деген жазуына дейін сақталған. Сол замандағы бағалы ыдыс қой. Суреттегі темір тәрелкені 1955 жылы сол Егінбұлақ ауылында тұрғанда шеттен атажұртқа оралған бір отбасы апама сыйлапты. Ғайни апамның ескі ұршығы да сақтаулы. Ұршық марқұм атам Қабдолданың шешесінікі екен (атам 1905 жылы туған). Енесінен қалған көне жәдігерді апам Ғайни пайдаланып, келіні Зәкияға табыстап кеткен. Анам бала күнімізде осы ұршықпен жіп иіріп, шұлық тоқитын, енді өз келіні Әйгерімге аманаттап отыр. Ал төртінші суретте апам пайдаланған келі, мұны қазіргінің баласына көрсетсең, не екенін білмейтін де шығар. 90-ыншы жылдары келіні көршілер кезек-кезек сұрап алып, шақпақ қантты ұсататын. Өзіміз бидай түптеп, талқан түйетінбіз. Апамның үлкен келісі де болған, оны көшерде үлкен үйдегі жеңешеме беріп кеткенбіз. Ал кішкентай қоңыр допты апам маған әдейі сатып алған екен. Иә, одан бері талай жыл өтті. Ұршық пен келі қазір ауылда гараждағы шкафта ораулы тұр, қазір баяғыдай шақпақ қантты ешкім ұсатпайды, талқанды дүкеннен сатып ала саламыз дегендей, дайын өнімге үйреніп кеттік. Бірақ заманның ағымына қарай жаңарып жатсақ та, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын ұмытпаған жөн.

Read the rest of this entry »

Демалыс сайын ауылға барып тұрамын. Софиевкаға газель сағат сайын қатынайды. Такси де бар. Бірде газельге қолында әдемілеп оралған екі құрақ көрпесі бар апа отырды. Қаладағы туыстары қыз ұзатып, соған кетіп барады екен. «Көрпені өзім тігемін, тапсырыс беретіндер де бар, өз қолыңнан шыққан бұйымды берген жақсы ғой қыз жасауына»,- деді жанында отырған келіншекке. «Осы күні кейбіреулер құдаларымен өзара келісіп, жасаудың орнына ақшалай бере салады, соны құптамаймын. Шешемнің берген табағы бар, 54 жыл болды, шынысын ұшырмай сақтап келемін. Жүк беру деген дұрыс, ал ұзатылған қыз артынан жасауымен келген әрбір затты сонда ұқыптап ұстайтын болады»,- деп сөзін аяқтады көрпе ұстаған апа.
…Биғаштағы үйіміздегі ыдыс-аяқ жинайтын серванттың түбінде 10 оюлы көк кесе тұратын. Қонақ шақырғанда үйдегі барлық ыдысты алып шыққанда, оюлы он кесеге тиіспейтінбіз. Анам рұқсат етпейтін. Әкеме ұзатылғанда жасауымен бірге келген екен. Көк кеселерді анам тек мектептегі Наурыз мейрамына апару үшін алып шығып, қайта алып келетін. «Марқұм шешем берген» деп көзінің қарашығындай күні бүгінге дейін сақтап келеді. Бұл көк кеселерге де елу жылға жуық уақыт болыпты. Өткенде үйге алыстан қонақ келгенде осы құнды ыдысты алып шығып, қымыз құйған едік. Сонда әдейі суретке түсіріп алдым. Жалпы үйінен келген заттың барлығын анам ұқыптап пайдаланған. Кеседен басқа шыны табағы да бар. Оны қазір мен ұстап жүрмін, үй алғанда ырымдап маған берген. Отынмен қайнатылатын самаурынын Алматыдағы апайым Салтанат пайдаланып жүр, жазғы саяжай үйінде шай қайнатады. Тігін машинасын көшерде Семейдегі сіңлім Бақытжанға қалдырып кеткенбіз. Қаншама жыл өтсе де, анам Зәкия үшін жасауымен келген осы заттардың орны бөлек. Газельдегі көрпе тігетін апа айтты-айтпады, ұзатылатын қызға жасау берген дұрыс шығар деген ойда қалдым сол күнгі әңгімені естігеннен кейін.

Көз жүгіртіңіз:

2010

Сәуір (2024)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Blog Stats

  • 256  896 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары