Ұшырсам сені көгіме!

Біздің үйдегі көне заттар

Posted on: Қыркүйек 16, 2020

Софиевкадағы әженің әңгімесінен кейін үйдегі көне заттарды түгендеп кеттім-ау деймін. Анам Зәкия енесінің заттарын да сақтаған. Марқұм апам Ғайнидің жеке тігін машинасы бар. Арқаға көшерде «енемнің көзі» деп анам тастамай ала келген болатын, қазір үйде келінім пайдаланып жүр. Бала күнімізде апамның сандығының түбінде жаңа күйінде екі шыны шәйнек ораулы тұратын. Атамдар Биғаш ауылдық округіне қарасты Егінбұлақ кентінде тұрғанда шамамен 1960 жылдары сатып алынған. «Қызы бар үй жасау дайындығын қыздың кішкене кезінен бастайды» дегендей, екі шәйнек те сол күйі сандықтан шыққан жоқ. Кейін апайым Салтанат ұзатылғанда біреуі жасауына қосылды, маған тиесілісін баспаналы болғанда өзім алдым. Мендегі шәйнектің астында «Bohemia» деген жазуына дейін сақталған. Сол замандағы бағалы ыдыс қой. Суреттегі темір тәрелкені 1955 жылы сол Егінбұлақ ауылында тұрғанда шеттен атажұртқа оралған бір отбасы апама сыйлапты. Ғайни апамның ескі ұршығы да сақтаулы. Ұршық марқұм атам Қабдолданың шешесінікі екен (атам 1905 жылы туған). Енесінен қалған көне жәдігерді апам Ғайни пайдаланып, келіні Зәкияға табыстап кеткен. Анам бала күнімізде осы ұршықпен жіп иіріп, шұлық тоқитын, енді өз келіні Әйгерімге аманаттап отыр. Ал төртінші суретте апам пайдаланған келі, мұны қазіргінің баласына көрсетсең, не екенін білмейтін де шығар. 90-ыншы жылдары келіні көршілер кезек-кезек сұрап алып, шақпақ қантты ұсататын. Өзіміз бидай түптеп, талқан түйетінбіз. Апамның үлкен келісі де болған, оны көшерде үлкен үйдегі жеңешеме беріп кеткенбіз. Ал кішкентай қоңыр допты апам маған әдейі сатып алған екен. Иә, одан бері талай жыл өтті. Ұршық пен келі қазір ауылда гараждағы шкафта ораулы тұр, қазір баяғыдай шақпақ қантты ешкім ұсатпайды, талқанды дүкеннен сатып ала саламыз дегендей, дайын өнімге үйреніп кеттік. Бірақ заманның ағымына қарай жаңарып жатсақ та, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын ұмытпаған жөн.

Пікір қалдыру

Көз жүгіртіңіз:

2010

Қыркүйек (2020)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Blog Stats

  • 256  995 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары