Ұшырсам сені көгіме!

«Кебенек»

Posted on: Қараша 16, 2019

Бала күнімде анам бізге таяу жерде тұратын Саяхимов Мұрат ағаның үйіне жұмсады (шамамен орта буында оқимын). Жамағайындығымыз бар, бір жағынан руласпыз, ол үйге емін-еркін бара беретінмін. Шолпан жеңгеміз мектепте анаммен бірге жұмыс істеді. Күн жылыда ол үй кіре берістегі дәлізде шай ішетін. Сол күні кіріп барсам, үстелде темір қалбырдағы халуа тұр. Ол заманда ауылдың дүкеніне түскен тәтті-дәмді әуелі соғыс ардагерлерінің отбастарына сатылатын. Екі көзім үстелдегі халуада еді. Шолпан апайға қарап: «Сіздерге де тиген бе?» – деп сұрап қоямын. «Иә, ағаң Ауғанстанда болған ғой», – деді. Таң қалғаным әлі есімде. Күнде көріп жүрген Мұрат ағаның ауған даласындағы соғысқа қатысқанын естімеппін…
Кейінірек анам «Көктем шуағы» атты кітап сатып әперді. Кітаптан ауғанда тұтқынға түскен кеңес жауынгері туралы әңгімені оқығанда тамағыма өксік тығылған болатын… Қазір толық мазмұнын есіме түсіре алмай отырмын. Өкінішке орай, ол кітапты кейін жоғалтып алдым.
Мұны неге айтып отырмын? Қазір «Хабар» телеарнасында «Кебенек» телехикаясы көрсетіліп жатыр. Туындыда Ауған соғысы ардагерінің тағдыры суреттеледі. Оқ пен оттың арасындағы ұрыста Жасұзақ (бас кейіпкер) барлаушылар тобымен жарылысқа тап болады. Сарбаздардың барлығы қаза болып, тек Жасұзақ тірі қалады. Жарылыстан кейін «өліге» саналған «Кебенек» көп қиындықты бастан өткеріп, еліне аман-есен оралады (эфирде 22.30-да). Киноны көріп отырып, жаңағы халуа есіме түсті. Айтпақшы, Шолпан апай салып берген халуаны үйге алып келгенмін…
Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осы соғысқа республикамыздан 22 мың адам қатысты. Мыңдаған өмір қиылды. Жарақатпен оралғандары қаншама. Республикалық деңгейдегі іс-шараларда Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп жатады. Ауған даласында біздің Биғаш ауылынан (Көкпекті ауданы) Ардабаев Кәкен, Саяхимов Мұрат, Нұржанов Мұрат (марқұм), Байшолақов Асқар (марқұм) т.б. ағаларымыз әскери борышын өтеген еді. Оқушы кезімде аты аталған ағаларымыздың мектептегі іс-шараларға, кездесулерге шақырылғанын көрмеппін (мүмкін ұмытып қалған шығармын). Мектеп музейінде ардагерлерімізге арналған альбом болатын. Ортамызда жүрген батыр ағаларымыз аман болсын!!!

Пікір қалдыру

Көз жүгіртіңіз:

2010

Қараша (2019)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Blog Stats

  • 256  896 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары