Ұшырсам сені көгіме!

Үзінділер /1/…

Posted on: Маусым 4, 2010

Ғажайып сезім- махаббат деген! Қара тасты  қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұз балақтай, махаббат жаныңның  белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет, көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!… Бұл сұраққа  адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар еді, ол тілсіз ғой. Сөз ақыл-ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда , ақыл-ой, жүрек, сезім – бәрі бір тұтас.   /І.Есенберлин “Көлеңкеңмен қорғай жүр”/

 …Өзгені көп түсінетін ойшыл адам барлық уақытта бақытты бола бермейді. Олардың өмірі қол фонардың батареясы секілді, бар мейірімі мен жігерін өзгеге жұмсайды да, өзі түптеп келгенде энергиясыз қалады.Мүмкін соның өзі де бақыт шығар. Жалпы үлкен ұғымнан келгенде. Ал, жеке бастың ұғымынан келгенде, жақсы адамдардың  басым көпшілігі тіршілікте бақытты бола бермейді. Бір ғажабы- олар мұны бақытсыздық деп ешқашан есептемейді. Өйткені олар өзіне тиісті бақыттың басқаларға үлескенін біледі және маған тиесілі еді деп айтпайды. Жақсы адам болудың қиындығы да сонда./Д.Исабеков “Қарғын”/

 …Өзгенің жанын түсіне білу адамға қандай ауыр еді! Түсінесің, қолыңнан еш нәрсе келмейді. Оған инедей де жақсылық жасай алмайсың, сол шарасыздықтан жүрегіңдегі сыздауық сезім сәт сайын ұлғайып, кеудеңнің кенересін аш жыландай кеміріп бара жатады./Д.Исабеков “Өкпек жолаушы”/

 …Мен әйел адамды жақсы көру деген белдеуден асып кеткемін. Бәріне қақым бар, тек сүюге қақым жоқ. Қақым бар кезде кездеспеді, бұлай сүйе алмадым. Бірі болса-бірі болмайтын, бірін тапсаң-бірін жоғалтатын адам бойындағы қасиет өмірдің өшпес заңы ма? Неге олай?…/Д.Исабеков “Қарғын” /

 …Әрбір әйел – танылмаған планета.  Жай ғана планета емес, әрқайсысы  мұңлы планета. Бүкіл дүниежүзінің  ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір,  бір кезде әлемнің құпияларын ашуы  мүмкін, ал бірақ ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым  әйел жанының құпиясын аша  алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Өйткені ол таза да нәзік жаралған, сондықтан ауруға тез шалдығады. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам  жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей аялай білетін еркек әлі туылған жоқ…/Д.Исабеков “Өкпек жолаушы” /

 …Жан дүниесінде жанар тау болып жанып жатқан махаббатын білдіре алмай сандалған және өзін осыншалық қор, жігерсіз, жасық сезінді; және өзін тым кеш туған, не тым ерте туған бұл дүниеге бөтен адам ретінде жек көрді, жиіркенді, тіпті өлгісі де келді; неге екені белгісіз дүние жүзінде ешкімнің батылы бармаған ұлы сойқан ерлік жасағысы келді…/О.Бөкей  “Мынау аппақ дүние”/

 …Менің жалқы ақиқатқа көзім жетті. Ғашық адамның бейнесі жалғанда да жоғалмайды екен. Оның тек өзің үшін ғана жаратылған, тек өзің ғана ұғып, көре алатын көркем бейнесі жер шарының, әйтеуір, бір пұшпағында адаса жүргені рас. Сен оны түптің түбінде табасың!/О.Бөкей  “Жетім бота” /

 …Сәтсіз махаббат – адамның бүкіл өмір жолына созылған күй. Ұмытылмас күй. Сырлы, назды. Ерке, мұңды. Қайғы әуенінен қуаныш сазы басым. Сондықтан да көңіл төрінде. Сондықтан да мәңгілік. Ендеше, жасасын арманда кеткен алғашқы махаббат…/М.Мағауин “Өмір жыры” повесінен/

 …Мен қазір еш адамға неменеге сенетінімді,  нені ойлайтынымды, кімді сүйетінімді айтқым келмейді. Жалғыздыққа душар болғанымды білгендіктен,    қоршаған әлемге  қарап тұрып өз ойымды айтпаймын. Өзгелердің пікірінде, құштарлығында, сенімінде менің қандай шаруам бар!  Мен ешкіммен ештеңені бөлісе алмаймын, сондықтан да бәріне салқындап кеттім.  Менің ішкі әлемім  ешкімге түсініксіз.  Сөзімді шығын қылғым келмейді, күнделікті сұрақтарға мен  жалпылай жауап беріп, үнсіз жымиамын. Сен мені түсіндің бе?…  /Ги де Мопассан *Жалғыздық*/   

 ...Жүрегіміз сезімге толып ғашық болған сәтте де тілмен айтып жеткізгісіз ұлы махаббатты бастан кешіреміз.  Неліктен екенің білесің бе?  Зор бақытты неліктен сезінетінімізді білесің бе?  Өйткені біз сол арқылы жалғыздық та шегіне жетті деп ойлаймыз.  Қандай адасу!!!     /Ги де Мопассан *Жалғыздық*/   

Пікір қалдыру

Көз жүгіртіңіз:

2010

Маусым (2010)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Blog Stats

  • 257  045 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары