Ұшырсам сені көгіме!

Үзінділер /2/…

Posted on: Маусым 4, 2010

Мен ойладым: «Өмір деген ғажап-ау, кеше ғана мынау жалпақ жаһанда А. есімді қыз барын білмеп едім, енді міне… демінің қалай шыққанына дейін сезіп, әп-әдемі дидарын көріп отырмын. Адамдар бір-бірін әрең іздеп табады, сонсоң іп-лезде жоғалтады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз адамдардың бір-бірін тауып, қайтадан жоғалтуы емес пе өзі. Мүмкін…»  /О.Бөкей «Қасқыр ұлыған түнде»/

…Жер түгелдей мұз шарға айналып, мәңгіге  қатып-семіп, ыңырсығандай жүректі өзгеше суық сезім қариды…

Маған қыз да жақындап тақала отырғандай болды. Біздерді қоян-қолтық  қауыштырған, бәлкім, Алтайдың ақ бораны емес, аяз да емес, басқа… өзіміз ұғып, сезе бермейтін жастықтың  лыпып тұрмақ тартылыс күші ме; әлде жүректен  шым-шымдап  жасқана шығып, бойға тараған ұяң сезімнің жауратпай,  жатырқатпай жарастыққа бастаған қуаты ма; ішімнен ол сөйлесе екен, ойында не бар, түгел ақтарса екен деп тілеймін; табандап жақындап, адымдап қашатын тыз етпе алдамшы  үміт, адамның жастық шағымен келіп-кетер оңғақ сезім емес бұл-осы мәуріттің бақилығын арман етер тәтті хал, мұзды денеден жалындап шығар ыстық сүйіспеншілік;  сүйіспеншілік болғанда қыз бен жігіттің екеу арасындағы  күйдім-жандым ба, жоқ-жоқ, осы айнымас сәттің қымбаттылығын паш етер мұңлы минуттар, кейінірек зар еңіреп жүріп сағынатын бейкүнә отырыс, айтпай түсінісетін көңіл ұғыстығы шығар-ау  … /О.Бөкей «Қасқыр ұлыған түнде»/

 ... Жаңбырдың  тұңғыш тамшысынан жасыл жапырақ дір ете қалды. Тығыншықтай томпақ,  періште кеудесіне бозбала жігіттің қолы тұңғыш рет тиген қыз сияқты. Ді-і-ір-р…Жұбанбас, жылауық жауын. Қайта қуанбай ма… Жаңбыр басылып,күн ашылып, дүн-дүние жарқырап-жайнап шыға келуші еді…зың –зың-зың…Дүниеге адам баласы бір тамшыдан жаралып келген дейді. Тұңғыш тамшы. Бәріміз де сол тұңғыш тамшыдан тарағанбыз. Қасиетті тамшы. Азбыз.               Бір кем дүние.      /Ш.Мұртаза «Бір кем дүние»/.

 …Ол өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін жұмбақты сыр. Әр  үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды  сәулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық  махаббатқа ұласқандай еді. Бір кезде лепіріп бақ іздеп, албатыдан жар іздеген көңілі ақ ерке сұлу тауып,байызданған…Өзінің жұмбақты әрі мұңды сүйіспеншілігін өзгені қойып, өзіне қиғысы жоқ. Қызғанады. Ол,әсіресе, соңғы күндері сеңдей  соғылысқан азапты сезімнің құрсауында жүр… /Сарыарқаның жаңбыры, О.Бөкей/

 …Екеуі бір бірінен балаша ұялатын. Неге қысылатынын өздері де сезбейтін. Бұл үнсіз жұмбақ  сүйіспеншіліктерін бір-бірінен қызғана да, жасқана  жасыратын. Бір-бірлерін ойламаса да, жүректерінде  әрқайсысының бейне бір буалдыр көлеңкелері тәрізді  бір сағым кезетін.

…Бір бірін жан-тәнімен қиыла  сүйетіні  ашылмаса да, ауызекі сұхбаттасудан әлдеқайда күшті  құдіретті сезім  жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бермей билеп әкетсе, түбі неге апарып соғатынын…. ойлаудың өзі аса сұмдық еді…/Сарыарқаның жаңбыры, О.Бөкей/

 …Бейшара адамдар!  Олар менің жеккөрушілік емес, аяныш сезімімді оятады.   Адам болмысындағы жұмбақтардың ішінен мен бір жұмбақтың жауабын таптым:  біз өмірде  бәрінен бұрын мәңгілік жалғыздықтан жапа шегеміз және біздің  барлық әрекеттеріміз   осыдан қашып құтылуға бағытталған.    Ашық аспан астындағы мына орындықтарда отырған ғашықтар да  біз сияқты, … барлық тіршілік иелері  сияқты  ең болмаса бір сәт болса да жалғыздықтан құтылуға тырысады; бірақ олар біз секілді мәңгі бақи жалғыз болған  және жалғыз болып қалады да,- деп ауыр тыныс алды.        Бар айырмашылық – мұны кейбіреулер  қатты сезінсе, кейбіреулері  онша сезіне қоймайды.

                Мені  біраздан бері жаным мекендейтін, және одан … сен естимісің, ешкім де ешқашан құтқара алмайтын жалғыздық қорқынышы қатты қинауда. Біз не істесек те,  қалай аласұрсақ та, жүрегіміздің ұмтылысы, ерніміздің алауы,  құшағымыздың оты қаншалықты  жалынды болса да  – біз қашанда жалғызбыз.

                Мен  жан баласы жоқ қаңыраған үйіме бармас үшін сені серуендеуге көндірдім. Бірақ мен неменеге қол жеткіздім? Мен сөйлеп, ал сен болсаң тыңдап келе жатырсың,  екеуіміз де жалғызбыз.  Біз бірге келе жатқанымызбен жалғызбыз. Сен осыны түсінемісің? …/Ги де Мопассан, Жалғыздық

…Осы жасқа дейінгі өміріңізде айлы түнде,ашық аспанның астында тау ішіне түнеп көргеніңіз бар ма?! Егер далаға түнеп көрмесеңіз-айналайын табиғаттың қадірін түсініп, айналайын табиғаттың бел баласы екеніңізді біле бермегеніңіз. Менің сіздерден шыншыл пейіл,  адамдық жүрекпен сұрарым: мейлі жас болыңыз, мейлі бір  елге бас болыңыз, кіндік кесті жұртыңызда ашық аспанды  жамылып жатып түнеңіз, сіз сонда ғана туған жердің  неге ғана ыстық болатынын парықтайсыз; мүмкін табиғат анаға жасар мың-миллион қиянатымыз бұдан әлдеқайда азаяр ма еді, азаяр еді, далаға түнеп көрсек біз….

Мен ойлаймын: ғашық болуды тек табиғаттан ғана үйренуіміз керек-ау; жүз кітап оқығаннан, жүздеген елді аралғаннан туған жердің топырағына аунап, далаға түнеген әлдеқайда озық-ау;  /«Қайдасың, қасқа құлыным», О.Бөкей/

… Сағыныш деген не? Сағынуға тұратын адам болса, сағынасың. Сенi ешкiм iздемейтiн болса, ешкiм саған сенбейтiн болса, онда сенiң кiм болғаның? Ата-ана, туған-туыстан басқа, сенi шынымен iздейтiн бiр де болсын адам бар ма? Ол сенi не үшiн не iздейдi? Досың болсын, сүйiктiң болсын сен оған тек есеп үшiн ғана керексiң бе, жоқ адам ретiнде ме? Осы туралы сауалды әуелi өзiме қойып көремiн. Мен бұл жағынан пәлен дей алмаймын. Ал басқаларда қалай? Ол әрине әркiмнiң жеке шаруасы.
       Адамдардың бiр-бiрiн сағынуында үлкен мейiрiм мен бауырмалдылықтың қайнар көзi жатады. Сағыну – махаббатта да, достықта да, жай араласуда да сүйкiмдi ұғым. Жақсы адамдарды сағынсаңыз, өзiңiз де өзгелердi сағындыра алсаңыз, несi айып? Жарық жалғанда сағыныштың болғаны үшiн де адами құндылықтар төмендемей тұр. Әлде сағыныштың өзi бiздi сағынып жүр ме, жоқ бiз оны елегiмiз келмей ме, түсiнбедiм? Бiреудi сағынып жүрген адамның жүзiнде ерекше сағым тектес нұр болатынын бiлесiз бе? Ағаның өлеңiнен кейiн сағыныш жайлы фәлсапа соғып кетiппiн ғой. Не дегенмен, сағыныш әдемi. Оны сезiне бiлген адамның жан-дүниесi одан да әдемi. /
Жансая СЫДЫҚБАЙ/

1 Response to "Үзінділер /2/…"

Рахмет! Осылай ізденіп, жазып алып, бізбен бөліскеніңізге! 😉

Пікір қалдыру

Көз жүгіртіңіз:

2010

Маусым (2010)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Blog Stats

  • 257  045 hits

Қырға шығып көз салдым…

free counters

Ән-көңілдің ажары